Ақтөбе қаласында «Әскери құрылымдардағы мемлекеттік тіл және латын графикасы» өңірлік семинар-тренинг өтті

Әлеуметтік желілермен бөлісу

2019 жылғы 27 маусымда Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығы және ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6655 әскери бөлімінің ұйымдастыруымен «Әскери құрылымдардағы мемлекеттік тіл және латын графикасы» өңірлік семинар-тренинг  өтті. Семинар-тренинг Атырау, Ақтау, Орал және Ақтөбе қаласы әскери бөлімінде қызмет ететін тіл мамандарының басын қосты.

Семинар-тренингтің мақсаты: «Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасын» жүзеге асыру, өңірлік әскери құрылымдарда мемлекеттік тілді меңгерту әдістемесі бойынша іс-тәжірибе алмасу, латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін насихаттау және әріптестік ынтымақтастықты нығайту.

Шара барысында ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі тіл мамандары «Үздік маман» байқауында өзара бақ сынасып, үздік маманды анықтады. Сонымен қатар,  Ақтөбе облысының тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығының тренерлері қазақ тілін шетел тілі немесе екінші тіл ретінде оқыту әдістемесіне негізделген ашық сабақ үлгілерін ұсынып, тәжірибе алмасты. Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін таныстыра отырып, жаңа емледегі тарауларды, оның ішінде «Шеттілдік сөздердің орфографиясы және орфоэпиясына» егжей-тегжейлі тоқталып, меңгерту тәжірибелерімен де бөлісті.