Болат Бопайұлы үлпершек тағамының мән-мағынасын түсіндірді. “Үлпершек – ұзатылған қыздың сыбағалы асы. Қазақ мал сойғанда жүрегін арнайы ұзатылған қызына үлпершек дайындауға сақтап қояды, міне “үлпершек қыздың сыбағасы” деген сөз осыдан шыққан. Үлпершекті ұзатылып кеткен қыз төркіндеп келгенде арнайы дайындап береді. “Қайда жүрсең де, біздің жүрегіміздесің” деп ықыластың, адалдықтың, ниеттің дұрыстығын білдіретін тағам ретінде төркіндеп келген қызға тартылған. Ал, қыз баласы мұндай құрметке лайық әдеп сақтап, сәлем салып, иіліп алған. Бұл рас.
Этнограф үлпершек тағамы астарының екінші нұсқасы туралы да айтып берді. “Қазақта баланы атасы мен әжесі бауырына басады. Ұзатылған қыз төркіндеп келген кезде анасы құмарланып бауырына баса алмай қиналады. Сол кезде аналарымыз үлпершекті жасап, қыздарына махаббатын білдіреді екен. Осыдан туған тағам десекте болады”, – деді ол.
#алтынқазына#тағылым#салтдәстүрсөйлейді