“Шүлен тарату” салты.
Шүлен таратуды қазақ байлары тарапынан кедейлерге көрсетілетін жомарттық пен мырзалық деуге болады. Күз түсіп, мал саны көбейгенде ауқатты, дәулетті азаматтар алыс-жақын жерлердегі адамдарға тегін мал, ақша, бұйым, тамақ үлестірген. Шүлен таратушылар бұл рәсімді пайда үшін емес, көптің алғысын, сауабын алу үшін, сондай-ақ кедей-кепшікке қол ұшын беру мақсатында атқарып отырған. Шүлен тарату халық арасындағы күрделі қатынастарды реттейтін әлеуметтік институттың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады.